Құпиялылық саясаты және шарттар
2026 жылғы 19 қазанда жаңартылды
Құжат «Unemi» және «Unemi Staff» қосымшаларына және unemi.kz сайтына қолданылады. Жаңа редакция да осында жарияланады — жаңарту күні жоғарыда көрсетілген.
Деректерді кім өңдейді
Unemi сервисі («Unemi» және «Unemi Staff» қосымшалары, unemi.kz сайты) — «Unemi» ЖК (ЖСН 981108450273), Астана, Қазақстан.
Деректер туралы сұрақтарды support@unemi.kz мекенжайына жазыңыз. Үш жұмыс күнінің ішінде жауап береміз.
Қандай деректерді жинаймыз
Мекеме клиентінен: аккаунт идентификаторы, өзіңіз көрсетсеңіз — есім мен профиль суреті, интерфейс тілі, мөрлер мен сыйлықтар тарихы, сондай-ақ құрылғының техникалық идентификаторы — ол қосымшаны қайта орнатқанда жинаған мөрлеріңіз жоғалмауы үшін керек.
Сыйлық сертификаттары: unemi.kz/g/… сертификат беті кірусіз ашылады және сіз туралы деректер жинамайды — онда мекеме, сома немесе қызмет, қалдық, мерзім, сыйлаушы жазған құттықтау және кассир, сыйлаушы немесе мекеме көрсетсе, «Кімге» өрісіндегі алушының аты бар. Бұл ат бетте, сертификаттың PDF-інде, сертификатты алған адамның қосымшасында және мекемеге — кабинет пен кассада көрінеді; оны жазу міндетті емес. Сертификатты қосымшаға алсаңыз, ол аккаунтыңызға байланады, ал қосымшада оның қалдығы, мерзімі және өтеу тарихы (күндері мен сомалары) көрінеді. Мекеме тек сертификаттың қосымшада екенін көреді — профиліңіздегі атсыз.
Келу туралы пікірлер: 1-ден 5 жұлдызға дейінгі баға, белгіленген тармақтар («Ұзақ күттім», «Мейірімді» және басқалары), жазсаңыз — 500 таңбаға дейінгі мәтін және «Атымды мекемеге көрсетпеу» таңдауы. Пікір келумен байланысты: кассадағы операциямен, оның уақытымен және нүктесімен. Пікірмен бірге құрылғының техникалық идентификаторының хэші сақталады: ол арқылы бір телефоннан бірнеше аккаунтпен баға қойылғанын байқаймыз. Мекеме бұл хэшті көрмейді. Мекеменің жауабына шағымдансаңыз, себебі мен түсініктемеңізді сақтаймыз.
Қолдау қызметіне өтініштер: қосымшадан бізге жазсаңыз (профиль → «Қолдау»), хабарламаның мәтінін, профильдегі атыңызды, аккаунт идентификаторын, қосымша тілін, платформаны (Android немесе iOS) және қосымша нұсқасын, сондай-ақ жауап беру үшін байланысты — қалдырсаңыз, пошта немесе телефонды — аламыз. Келу тарихынан белгілі бір келу туралы жазсаңыз, өтінішке сол келудің мекемесі мен уақыты қосылады.
Туған күн: күні мен айы, жылсыз — тек қосымшаның профилінде өзіңіз көрсетсеңіз. Күн бір рет көрсетіледі; кейін оны тек қолдау қызметі арқылы өзгертуге болады.
Қонақ ретінде кіруге болады — поштасыз, телефон нөмірінсіз және тіркелусіз. Сервис телефон нөмірі мен поштаны талап етпейді: біз сізге жауап беруіміз үшін оларды «Қолдау» формасында өзіңіз қалдыра аласыз.
Мекеме қызметкерінен: есімі, рөлі, нүктесі және қайтымсыз хэш түріндегі PIN. PIN-нің өзі сақталмайды және қалпына келтірілмейді — иесі тек жаңасын қоя алады.
Техникалық деректер: ақаулар туралы есептер және қолданыс статистикасы — аккаунт идентификаторымен, бірақ атсыз және байланыс деректерінсіз. Құрылғының жарнамалық идентификаторы жиналмайды, дербестендірілген жарнама өшірілген.
Олар не үшін керек
Мөр қою және сыйлық беру, қосымшада картаңызды көрсету, сыйлық дайын болғанда хабарлама жіберу және бағдарламаны қиянаттан қорғау үшін.
Мекеме келулердің иесіздендірілген статистикасын және қызметкердің экранында клиенттің есімін көреді — әйтпесе сыйлық кімге берілетіні түсініксіз. Клиенттердің байланыс деректері мекемеге берілмейді.
Пікір арқылы мекеме келуіңіздің қалай өткенін біледі және сізге жауап бере алады. Мекеменің иесі мен басқарушысы пікірдің бағасын, белгіленген тармақтарын, мәтінін, келудің уақытын, нүктесін және кассирін көреді, ал атыңызды жасырмасаңыз — атыңызды және соңғы бір жылда оларға неше рет келгеніңізді де. Кассирлер пікірлерді көрмейді. Басқа пайдаланушылар да көрмейді: мекеме орташа бағаны көрсетуді қосса, қосымшада тек орташа баға мен бағалар саны көрінеді — мәтінсіз және атсыз. Мекеменің пікіріңізге жауабын тек сіз көресіз. Жауапқа шағымды мекеме емес, Unemi қарайды — 20 күн ішінде жауап береміз; мекеме де бізге пікір туралы шағымдана алады, ал шағым бойынша біз пікірді жасыра аламыз.
Қолдау қызметіне өтініш мәселеңізді анықтап, қалдырған байланысыңыз арқылы сізге жауап беру үшін керек. Платформа мен қосымша нұсқасы ақаудың себебін табуға көмектеседі.
Туған күн соңғы 12 айда барған мекемелеріңіз сізді құттықтап, егер олар мұны қосса, купон немесе бонус сыйлауы үшін керек. Сыйлық күнді кемінде 30 күн бұрын көрсеткендердің бәрінің қосымшасында пайда болады, ал құттықтау хабарламасы мекемелердің акцияларын алуға келісім берсеңіз ғана келеді. Мекемелер күнді көрмейді: олардың атынан Unemi құттықтайды және сыйлайды, ал мекеме осы айда қанша клиенті туған күнін тойлайтынын ғана көреді.
Деректер қайда сақталады
2026 жылғы 16 қазаннан бастап сервис деректері Қазақстандағы серверлерде сақталады және өңделеді: клиент карталары, келулер мен кассадағы операциялар, мөрлер, бонустар, абонементтер мен сыйлықтар, сыйлық сертификаттары, пікірлер, қолдау қызметіне өтініштер, мекемелер мен қызметкерлердің деректері, фотосуреттер мен басқа файлдар. Сақтық көшірмелер де Қазақстанда — бөлек серверде сақталады. unemi.kz сайты мен мекеме кабинеті де Қазақстандағы серверлерде жұмыс істейді. Мекемелерге арналған кабинет хаттарын — поштаны растау, құпиясөзді өзгерту және шақыруларды — Қазақстандағы Hoster.kz хостингінің пошта сервері жібереді: ол арқылы алушының мекенжайы, үндеудегі аты және хаттағы сілтеме өтеді.
Қазақстаннан тыс жерде кіру, хабарландырулар, ақаулар туралы есептер мен карта жұмыс істейтін Google және Apple сервистері қалады. Аккаунтқа кіруді Firebase Authentication (Google) қамтамасыз етеді: онда аккаунт идентификаторы, Google немесе Apple арқылы кірсеңіз — солардан келген пошта мен ат, сондай-ақ өзіңіз көрсетсеңіз — профильдегі атыңыз бен суретіңізге сілтеме сақталады. Хабарландыруларды Firebase Cloud Messaging жеткізеді, ал iPhone-да онымен бірге Apple хабарландыру қызметі жұмыс істейді: олар арқылы құрылғы токені мен хабарландыру мәтіні өтеді.
Ақаулар туралы есептер мен қосымшалардың қолданыс статистикасын Firebase Crashlytics пен Google Analytics for Firebase алады — аккаунт идентификаторымен, бірақ атсыз және байланыс деректерінсіз; сайт пен кабинеттегі Google Analytics туралы «Сайттағы және кабинеттегі аналитика» бөлімінде айтылған. Мекемелер картасын Android-тағы қосымшада және кабинетте Google Maps, ал iPhone-да Apple Maps көрсетеді. Мекеме иесі Telegram-да Unemi ботынан алатын хабарламаларды Telegram сақтайды («Кімге береміз» бөлімін қараңыз).
Қанша уақыт сақтаймыз және қалай жоямыз
Аккаунт пен оған байланысты деректер сервисті пайдаланған уақытта сақталады. Аккаунтты қосымшадан жоюға болады: профиль → аккаунтты жою. Онымен бірге профиль, құрылғы байланысы және хабарлама токендері жойылады.
Аккаунтты жойғанда сыйлық сертификаты күймейді: ол аккаунттан ажыратылады және сілтемесі қайта жұмыс істейді. Жою алдында қосымша сілтемелерді сақтауды ұсынады. Сертификаттың сатылымы, өтелуі және қайтарылуы туралы жазбаларды мекеме қонақтың ақшасының есебі ретінде сақтайды.
Пікір сіз оны жойғанша сақталады (профиль → «Менің пікірлерім» → пікір → «Пікірді жою») — осыдан кейін мекеме оны көрмейді. Аккаунтты жойғанда пікірлеріңіздің мәтіні мен сізбен байланысы бірден өшіріледі, ал баға мен белгіленген тармақтар мекемеде атсыз — статистика ретінде қалады. Келуді бағалау туралы сұраулар аккаунтпен бірге жойылады, әйтпесе 400 күннен кейін өздігінен жойылады. Мекемеге Unemi-ден тыс жеткен нәрсе — Telegram-дағы хабарламалар («Кімге береміз» бөлімін қараңыз) және мекеме жүктеп алған пікірлер файлдары — мекемеде қалады.
Қолдау қызметіне өтініштер аккаунтпен бірге жойылады, ал аккаунтты жоймасаңыз — жіберілген күннен бастап бір жыл сақталады да, кейін өздігінен жойылады. Аккаунтты жоймай-ақ оларды ертерек жоюымызды қаласаңыз, support@unemi.kz мекенжайына жазыңыз: 15 жұмыс күні ішінде жоямыз.
Туған күн аккаунтыңыз бар кезде сақталады және онымен бірге жойылады. Аккаунтты жоймай күнді түзету немесе жою үшін бізге қосымшада (профиль → «Қолдау») немесе support@unemi.kz поштасына жазыңыз.
Келулердің иесіздендірілген тарихы мекемеде статистика ретінде қалады — ол бойынша нақты кімнің келгенін қалпына келтіру мүмкін емес.
Кімге береміз
Инфрақұрылым жеткізушілерінен (Қазақстандағы Hoster.kz хостингі мен оның кабинет хаттарын жіберетін пошта сервері, сондай-ақ Google және Apple — қайсысы нені өңдейтіні «Деректер қайда сақталады» бөлімінде айтылған), осы құжатта сипатталған көлемде — картасын ашқан мекемеңізден, сондай-ақ мекеме иесі пікірлер туралы хабарламаларды Telegram-да алса, Telegram-нан басқа ешкімге. Деректер сатылмайды және жарнамаға пайдаланылмайды.
Төмен баға туралы мекеме иесі бірден біледі: «Unemi Staff» қосымшасындағы хабарландырудан, ал өзі қосқан болса — Telegram-дағы Unemi ботымен чатына келген хабарламадан да. Хабарламада баға, нүкте, белгіленген тармақтар және мәтіннің басы (200 таңбаға дейін) болады; атыңызды жасырмасаңыз да, ол хабарламада да, хабарландыруда да болмайды. Telegram — өз құпиялылық саясаты бар бөгде сервис (telegram.org/privacy): кейін пікірді жойсаңыз, келісімді кері алсаңыз немесе аккаунтты жойсаңыз да, хабарлама чатта қалады.
Қолдау қызметіне өтініштерді тек Unemi командасы оқиды. Біз оларды мекемеге жібермейміз және байланысыңызды бермейміз — сол мекемеге келуіңіз туралы жазсаңыз да.
Мекемелер не көреді
Мекеме — Unemi-ден бөлек компания, сондықтан пікірлеріңізді және клиент карточкасындағы атыңызды мекемеге тек сіздің келісіміңізбен көрсетеміз. Келісімді қашан бергеніңізді және қай мәтінге келіскеніңізді сақтаймыз.
Пікірлерге келісімді қосымша алғашқы пікірде белгі қою арқылы сұрайды. Картаңыз бар мекемеде клиент карточкалары пайда болғанда, қосымша «Мекемелер не көреді» жалпы келісімін бір рет сұрайды — бөлек терезеде немесе пікірдегі сол белгі арқылы. Келісім болса, иесі мен басқарушы кабинетте профиліңіздегі атыңызды осы мекемедегі тарихыңызбен қатар көреді: келулер мен сатып алулар, бонустар, мөрлер мен абонемент, деңгей, алған таратылымдарыңыз және топ — оны Unemi келулеріңіз бойынша автоматты түрде есептейді, мысалы, «көптен бері келмегендер». Карточкада осы мекемеге жазған пікірлеріңіз де көрінеді — атыңызды жасырмасаңыз, атыңызбен.
Жалпы келісім болмаса, мекеме сізді нөмірі бар «Қонақ» ретінде көреді: өзіндегі тарихыңызды көреді, бірақ атыңыз бен пікірлеріңізсіз. Кассир бұрынғыдай операция жасағанда атыңызды көреді. Телефоныңызды, поштаңызды, профиль суретіңізді, туған күніңізді және басқа мекемелерге келулеріңізді мекеме ешқашан көрмейді. Клиент карточкасы әр ашылғанда Unemi кім, қашан және кімнің карточкасын ашқанын жазып қояды, ал мекеме клиенттер тізімін атсыз — тек нөмірлермен жүктеп алады.
Ойыңыз өзгерсе — келісімді профильде кері алыңыз: «Пікірлерге берген келісімді кері алу» дегенді басыңыз немесе «Мекемелерге арналған атыңыз» дегенді өшіріңіз — бұл ауыстырғыш клиент карточкаларымен бірге пайда болады. support@unemi.kz мекенжайына жазуға да болады — келісімді өзіміз кері аламыз. Осыдан кейін мекемелер атыңызды және барлық пікірлеріңізді, соның ішінде бұрынғыларын, бірден көрмейді, ал жаңа пікір жазғанда қосымша келісімді қайта сұрайды. Бұрынғы пікірлер «Менің пікірлерім» бөлімінде сізде қалады — оларды сол жерде жоюға болады.
Автоматты шешімдер
Кейбір шешімдерді Unemi автоматты түрде — мекеме алдын ала баптаған ережелер бойынша қабылдайды: мекеменің купоны бар немесе купонсыз хабарламасы қай қонақтарға келетінін (мысалы, көптен бері келмегендерге, 10-шы келуде немесе сыйлыққа бір мөр қалғанда), мекемеде деңгейіңіз қандай екенін және ол не беретінін — бонус пайызын, деңгей сыйлықтарын және белгілі бір деңгейден бастап ашылатын бағдарламаларды.
Хабарламаның пайдасы бар-жоғын мекеме көруі үшін, ол сәйкес келетін қонақтардың 10%-ы жеребе арқылы салыстыру тобына түседі: оларға бұл хабарлама мен купон келмейді. Бұл туған күн құттықтауларына қатысты емес — оларды тиесілі адамдардың бәрі алады.
Бұл шешімдер үшін осы мекемедегі келулеріңіз бен сатып алуларыңыз, мөрлер мен бонустарыңыз, ондағы деңгейіңіз және көрсетсеңіз — туған күніңіз пайдаланылады. Туған күніңізді мекеме көрмейді.
Автоматты шешімге қарсылық білдіруге құқығыңыз бар — қосымшада (профиль → «Автоматты шешімдер» → «Қарсылық білдіру» немесе профиль → «Қолдау») немесе support@unemi.kz мекенжайына хат жазып. Қарсылықты Unemi командасының адамы оқиды: өтінішіңіз бойынша осы мекемеден немесе барлық мекемелерден келетін автоматты ұсыныстарды тоқтатамыз, шешімнің қалай қабылданғанын тексереміз және үш жұмыс күні ішінде жауап береміз.
Автоматты хабарламаларды өзіңіз де өшіре аласыз: мекеме бетіндегі «Мекеме хабарламалары» ауыстырғышымен немесе профильдегі «Мекемелерден акциялар мен сыйлықтар».
Сайттағы және кабинеттегі аналитика
unemi.kz сайтында және мекеме кабинетінде Google компаниясының Google Analytics сервисі жұмыс істейді. Ол арқылы қай беттер мен бөлімдер ашылатынын, қай батырмалар басылатынын, өтінім жіберілгенін, сондай-ақ беттің тілін, құрылғы мен браузер түрін және шамамен қай қаладан кіргенін көреміз. Аттар, байланыс деректері, өтінімдердің, пікірлердің және хабарламалардың мәтіндері, PIN және API кілттері аналитикаға берілмейді.
Сайтта аналитика cookie файлдары (_ga) аналитика туралы терезеде «Қабылдау» батырмасын басқаныңызда ғана пайда болады. Сіз жауап бергенге дейін Google Analytics сапар туралы иесіздендірілген мәліметтерді cookie файлдарынсыз алады; «Бас тарту» басылғаннан кейін сайт аналитикаға ештеңе жібермейді. Таңдауыңыз браузеріңізде сақталады — оны кез келген беттің төменгі жағындағы «Cookie баптаулары» батырмасымен өзгерте аласыз.
Мекеме кабинетінде оқиғалар қызметкер мен мекеменің ішкі нөмірлеріне, рөліне (иесі немесе басқарушы) және тарифке байланысты — аттар мен байланыс деректерінсіз. Осылайша мекеме иелеріне қай жерде ыңғайсыз екенін көріп, ақауларды тезірек табамыз.
Google бұл деректерді өзінің құпиялылық саясаты бойынша өңдейді: policies.google.com/privacy. Google Analytics-тің жарнамалық функциялары өшірілген. Google Analytics-ті бүкіл браузерде Google Analytics Opt-out кеңейтімі арқылы өшіре аласыз: tools.google.com/dlpage/gaoptout.
Пайдалану шарттары
Unemi — мекеменің құралы: бағдарлама шарттарын (сыйлыққа дейін қанша мөр, сыйлық не, оның мерзімі) мекеме белгілейді және өзгерте алады. Берілген сыйлықтар ереже өзгергенде күйіп кетпейді.
Мекеменің сыйлық бермегені үшін жауап бермейміз, бірақ ондай жағдай туралы хабарлауды сұраймыз — өз ережесін бұзатын мекемемен қоштасамыз.
Сервис «қалай бар, солай» ұсынылады; үзіліссіз жұмыс істеуіне тырысамыз, бірақ үзіліссіздікке кепілдік бермейміз.